20 қарашада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталады.
Олимпиадаға республикамыздың ауылдық мектептерінде оқитын 9-11(12) сынып оқушылары қатысады.
Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
«Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін аuyl.daryn.kz сайтында 85 401 оқушы тіркелді. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Кезең қорытындысы орталықтың сайтында жариялатын болады» — дейді «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Айгүл Каркулова.
ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Кезең дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада жүргізіледі.
Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11(12) сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11(12) сынып оқушылары.
III кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады.
Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады.
I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

